Қазақ медиасына байланысты осы аптаның жағымды бір жаңалығын жаза отырайын.

Қазақстанда медиа-коммуникация саласында еңбек етіп жүрген мамандар арасында қазақша ақпарат тұтынатын аудитория мен қазақша ақпарат тарататын басылымдардың сыни ойлау мен кәсібилігін төмен көретін көзқарас кең тараған. Әсіресе Ратель, Total.kz сияқты орысша жазатын сайттар қазақша медиаға жасаған баспасөз шолуларында қазақша сайттар жариялаған ең нашар материалдарды таңдап алып (әдетте бұл материалдарда ақпаратты қазақша өндіретін және тұтынатын адамдар ұлтшыл, нәсілшіл, сексист, консерватив көзқарасты қолдайтын етіп көрсетіледі), жаңсақ тұжырымды одан әрі ұлғайтады.

Ал енді жақсы жаңалыққа келейік. Соңғы уақытта коронавирус пандемиясына байланысты әлемде фейк хабарлар көптеп таралып жатыр ғой. Солардың бірі - коронавирусты ойлап тапқан АҚШ ғалымы жайлы хабар. Оны осы аптаның басында біраз қазақстандық басылым жарыса жариялады. Ал @birgeteksereik редакциясы бұл хабарды тексеріп, жаңсақ екенін анықтады.

Қате ақпарат таратқан сайттардың ішінде Егемен Қазақстан, Айқын, Қазақ газеттері холдингі, Алматы телеарнасы, holanews, skifnews сайттары бар.

Ал енді жағымды жаңалықтың өзіне келсем. Factcheck-тің үкімі жарияланған күннің ертеңінде Айқын газеті жалған ақпараттың жетегінде кеткені үшін оқырманнан кешірім сұрады. Менің байқауымша, бұл Қазақстан медиасындағы алғашқы редакция атынан кешірім сұрау оқиғасы және мұндай батыл қадамға қазақша хабар тарататын басылым барып отыр. Қазақша контент өндіретін басылымдардың кемшілігін табалап, осылайша қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияға жеккөрініш сезімін қанағаттандыратын орысша сөйлейтін "кәсіби журналистер" мұны жазбайтын шығар.

Иә, орысша жазатын Holanews те оқырманнан кешірім сұрады. Алайда @jourfaculty айтып өткен этикалық мәселеге байланысты, оны редакция атынан сұралған кешірім деп қабылдай алмаймын.

Ал Айқын газетінің осы ізгі бастамасын басқа басылымдар да үлгі етеді деп үміттенемін. Бұл газеттің өзі де халықтың ақшасына Nur Otan-ға пропаганда жасағаны үшін өкініп, оқырманнан әлі талай кешірім сұрайды деп ойлаймын 🙂

Comments

Be the first to add a comment